Бес облыста жауын-шашынның салдарынан жағдай қиындай түсуі мүмкін - Қазгидромет

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда бес облыстағы елді мекендерге су басып қалу қаупі төніп тұр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бес облыста жауын-шашынның салдарынан жағдай қиындай түсуі мүмкін - Қазгидромет

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Марат Күлдіковтің айтуынша, аталған аймақтардың ішінде Батыс Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай мен Қарағанды облыстары бар.

«1 сәуір 18:00-дегі жағдай бойынша дәл осы облыстарда су басу қаупі жоғары болып тұр. Сосын Қазгидрометтің болжамы бойынша 1-5 сәуір күндері Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола мен Қарағанды облыстарына көп мөлшерде жауын-шашын түседі. Соның салдарынан қазіргі жағдай қиындай түседі. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстанда дауылды ескерту жарияланды. Ауа температурасы да көтеріледі. Осының нәтижесінде өзен суларының деңгейі күрт көтеріледі деген болжам бар», - деді М.Күлдіков Астанадағы шұғыл баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, бүгін Солтүстік Қазақстан облысындағы Қаратал ауылының тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру шаралары басталды. Сілеті қоймасынан судың көптеп жіберілуіне байланысты СҚО-ның Қаратал мен Құлдыкөл ауылдарын су басуы мүмкін. Қазіргі кезде Сілеті су қоймасы 95 пайызға толып тұр.

«Бүгін күндіз сағат 12:00-ден бастап біз Қараталдың тұрғындарын алдын ала қауіпсіз жерге көшіру басталды. Осы уақытқа дейін тікұшақпен 33 адам эвакуацияланды. Сосын туған-туыстардың үйіне және мектептегі арнайы эвакуациялық бекетке көшіп жатқандар да бар. Бұдан бөлек, 2 754 малды қауіпсіз жерге айдалып әкелінді», - деп атап көрсетті М.Күлдіков.