Бес өңірде республикалық жолдарды су шайды – Көлік министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінгі жағдай бойынша жалпы ұзындығы 3 430 метр республикалық жолдарды су басты. Бұл туралы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Өтенбаев мәлім етті. 

су шайды
Фото: видеодан алынған скрин

«Республикалық автожолдарға су тасқыны қаупі төнген 396 учаске, 68 көпір және 650 су өткізу құбыры анықталды. Қауіпті жол бойларында тәулік бойы кезекшілік және күнделікті патрульдеу ұйымдастырылды. Су тасқыны басталғалы жедел шаралар қабылданып, барлық өңірде инертті және басқа да материалдар дайындалды. Қазіргі уақытта 100 мың текше метр құм, 40 мың текше метр тас, 325 мың текше метр қиыршық тас, 75 мың текше метр құм-қиыршық тас қоспасы және 150 мың дана құм салынған қап дайындалды», - деді Ғалымжан Өтенбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет өкілінің айтуынша, еріген суларды өткізу және автожолдар бойындағы су өткізу құбырлары 100%-ға тазартылған. 

«Бүгінгі жағдай бойынша (7 сәуір) республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында, яғни 5 облыс аумағында (Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Қостанай) жалпы ұзындығы 3430 метр болатын жолда 9 су басу фактісі тіркелді», - дейді спикер.