Бес жыл бойы жүлдесіз қалмаған «Астана арландарының» алдағы айқастары қалай болмақ?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда заман талабына сай бокс ережелеріне де, жұдырықтасу тәсілдеріне де өзгерістер еніп жатыр. Түрлі жобалар іске асырылып, боксшыларды әр қырынан танып жатырмыз. Сол жобалардың бірі осыдан бес жыл бұрын бастау алған AIBA-ның ұйымдастыруымен өтіп келе жатқан Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) жобасы.
None
None

Бұл жобаға Қазақстан алғашқы жылдан бастап, «Астана арландары» деген атаумен жаңа құрама жасақтап, жыл сайын қатысып келеді. Жай қатысып қана жүрген жоқ. Қазақ боксшыларының шеберлігін бүкіл әлемге паш етіп, бес жыл бойы тек үздіктер қатарынан көрініп келеді.

Айталық, «Астана арландары» бес жылдың ішінде үш рет финалда өнер көрсетті. Екі дүркін WSB жобасының чемпионы атанды. Мұндай атаққа бес жылдың ішінде біздің «арландардан» басқа бірде-бір команда қол жеткізе алған жоқ. Осыдан-ақ, қазақ боксының әлеуеті қаншалық мықты екенін аңғару қиын емес.

Енді «Арландарымыздың» осы бес жылдағы қол жеткізген жетістіктеріне қысқаша тоқталып өтейік. Алғашқы жылы біздің жігіттер қарсыластарының барлығын қоғадай жапырып келіп, тек финалда жеңіске сынық сүйем жетпей сүрінді. Осылайша бірінші жылы күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал екінші маусымда да топтық кезеңдерде қарсылас шақ келтірмей, тек жартылай финалдық сайысқа жеткенде қарсыластарына есе жіберіп алды. Үшінші маусымда, яғни 2013 жылы жерлестеріміздің көптен күткен арманы орындалып, Бүкіләлемдік бокс сериясының бас жүлдесін қанжығасына байлады. Төртінші маусымда жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінбесе де үздік үштікке іліне алды. Ал өткен жылғы бесінші маусымда 2013 жылғы жетістігін қайталап, Бүкіләлемдік бокс сериясының тарихындағы тұңғыш 2 дүркін чемпион атанды.

Міне, біздің мықты жігіттеріміз осылай қазақ елін жеңісті жолдарымен әлемге паш етіп келеді. Енді, 6 маусым түндігін түруге жақын. Жаңа маусымның алғашқы жекпе-жектері қаңтар айында Қарағанды облысынан бастау алмақ.

Қазір «Астана арландары» Ақбұлақта жаңадан ашылған жаттығу залында дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жақында AIBA ұйымдастыратын WSB жобасы 2016 жылғы маусымының жеребесі тартылып, қай команда қандай топта өнер көрсететіні де белгілі болды. Биыл қазақстандық «Астана арландары» D тобында өнер көрсетеді.

Біздің топта әзербайжандық «Баку оттары», Өзбекстан құрамасы және Пуэрто-Рико боксшылары бар. Бірден айта кетейік, Өзбекстан құрамасы бұл жобаға биыл бірінші рет қатысқалы отыр. Сондай-ақ, осы жобадағы ең мықты команда қазақстандық «Астана арландарымен» бір топта жұдырықтаспақ. WSB аясында бірінші рет бақтарын сынағалы отырған көршілеріміз қандай команда жасақтағанын алдағы уақытта шаршы алаң көрсететін болады. Қалған қарсыластарымыздың барлығы біздің жігіттерімізге аса таңсық емес.

«Арландар» алғашқы кездесуін 23 қаңтарда өз алаңында «Баку оттарымен» өткізеді. 6 ақпанда Пуэрто Рикоға барады. Ал 20 ақпанда Ташкентке биылғы маусымның жаңа мүшелері өзбек боксшыларымен жұдырықтасады. 4 наурызда Бакуде жергілікті боксшылармен рингке шығады. Ал 19 наурызда Пуэрто Рико боксшыларын өз шаршы алаңында қабылдайды. Топтағы соңғы матчты Қазақстанда 2 сәуірде Өзбекстан боксшыларына қарсы өтеді.

Енді Бүкіләлемдік бокс сериясында ел намысын қорғайтын «Астана арландары» кәсіби бокс клубының боксшылар құрамы мен клубтың бапкерлік құрамындағы өзгерістерге келейік.
Жаңа құрам бойынша енді 49 келі салмақта «Астана арландары» атынан Теміртас Жүсіпов, Мардан Берікбаев және Жомарт Ержанға үміт артатын боламыз. 52 келіде Олжас Сәттібаев, Азат Махметов, Мирас Жақыповтар ел намысы үшін барын салатын болады.
Мейірболат Тойтов, Нұрсұлтан Көшеғұлов және Нұрбол Қалжанов 56 келі салмақта астаналық клубтың абыройын асырмақ. 60 келіде Закир Сафиуллин, Ержан Мусафиров, Бекдәулет Ибрагимов, 64 келіде Самат Башенов, Асхат Уәлиханов, Сабыржан Бекбергеновтарға сенім артатын боламыз.
Аслан Шымбергенов, Қанағат Маралов, Бекзат Халметов 69 келі салмақ бойынша, Мейірім Нұрсұлтанов, Рустам Сваев және Ерік Әлжанов 75 келі салмақ бойынша ел намысын қорғайтын болады. Нұрдәулет Жарманов, Али Ахмедов, Арман Рысбек 81 келіде, Мұжаметжан Еркін, Рахман Әлжанов 91 келі бойынша өнер көрсетпек. Ал аса ауыр тоқсан бір келіден жоғары салмақта Қамшыбек Қонқабаев, Нұржан Бекзатов, Нұрсұлтан Аманжолов секілді былғары қолғап шеберлеріне үміт артатын боламыз.
Ал, биылғы жаңа маусымда Нұрлан Ақүрпеков аталмыш бокс клубының бас бапкері болып іске кіріспек. Мырзағали Айтжанов, Александр Стрельников, Нұрғали Сафиуллин, Бейбіт Есжанов, Нүркен Андасов, Ермек Ертаев, Болат Жұмаділов жаттықтырушы құрамда жоғарыдағы боксшылардың шеберлігін шыңдауға кіріседі.

«Астана Арландарының» биылғы негізгі мақсаты - үшінші мәрте WSB сериясында чемпион атану. Жерлестеріміздің биіктерден көрінуіне тілектеспіз.

Күнсұлтан Отарбай

Соңғы жаңалықтар