Бес жылда МӘМС-ке 3,1 трлн теңге аударылған

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Сәбит Ахметов редакция сауалына жолдаған жауабында МӘМС жүйесі құрылғаннан бері қанша ақша аударылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бес жылда МӘМС-ке 3,1 трлн теңге аударылған

«МӘМС-ке 2017-2022 жылдар кезеңінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдар түрінде 3 трлн 139,6 млрд теңге түсті. Дегенмен, 2017 жылы тек жұмыс берушілер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істеушілер, жеке кәсіпкерлер ғана төлем жасағанын айту керек. 2018 жылы жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, ал 2019 жылы жұмыс берушілер мен бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер төлей бастады», - деп жазады Сәбит Ахметов.

Қор басшысының мәліметі бойынша, МӘМС қаражаты мемлекет есебінен де толығып жатыр.

«Сондай-ақ, МӘМС-ке түскен ақшаның айтарлықтай бөлігі мемлекеттен келеді. Өйткені, мемлекет жеңілдігі бар санаттардың өкілдері үшін жарна аударады. Бұл сома 2020 жылдан бүгінге дейін шамамен 1,3 трлн теңге болды», - делінген жауапта.