Бес жылдан бері апат жағдайында тұрған Үйдене су қоймасы қайта жаңарады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында 5 жылдан бері апаттық жағдайда тұрған Үйдене су қоймасы қайта жаңартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың Зайсан ауданына жасаған жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен кездесіп, сауалдарына жауап берді.
«Аудан халқы өздерін толғандарған сұрақтарын қойып, бірқатар маңызды мәселені алға тартты. Мысалы, Зайсан әуежайынан рейстер санын ұлғайтуға, Алматы мен Астана бағыттарын қосуға тілек білдірді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын пайдаланылмайтын жайылымдық жерлерді қайтару, ауданды газдандыруды жалғастыру және сапалы интернетпен қамтамасыз ету түйткілдері толғандырады. Барлық мәселе бойынша бейінді басқармаларға тапсырмалар беріледі», - дейді әкім.
Оның айтуынша, Зайсан оқушылары ҰБТ тапсыру үшін әлі күнге дейін Өскеменге баруға мәжбүр. Бұл шамамен 500 шақырымдық жол.
«Жауапты емтихан алдында балаларымыз үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Зайсан қала мәртебесіне ие болғандықтан, мектеп оқушыларына ҰБТ-ны ауданда тапсыру мүмкіндігін қарастыру керек», - дейді Ермек Көшербаев.
Сапар барысында ол күрделі жөндеуді қажет ететін Үйдене су қоймасына барды.
Бүгінде мұнда тек еріген қар суы жиналады. Ал бұл жерді суару үшін жеткіліксіз.
«Қазір су қоймасына қатысты 2016 жылы жасалған жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілуде. Содан кейін республикалық бюджеттен жөндеуге қаражат бөлінеді», - дейді облыс басшысы.