«Бес жылдан кейін Қазақстан Ресейге ет импорттайтын ең ірі мемлекет болмақ» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 14 маусым, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Бес жылдан кейін Қазақстан Ресейге ет импорттайтын ең ірі мемлекет болмақ» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Сенімді серіктестік бағытымен» деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Қытай халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесуі барысында жүргізілген келіссөздерде көтерілген мәселелер сөз болған. Басылымның жазуынша, Ху Цзиньтаоның бұл сапары 15 маусымда Астанада болатын ШЫҰ-ның мерейтойлық саммитіне жалғасады. Ақордадағы кездесу барысында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев атап өткеніндей, бұл Қытай басшы­сы­ның Қазақстанға жасаған 7-ші сапары, ал екі жақты 25-ші кездесу екен. «Осы фактінің өзі-ақ Қа­зақ­стан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың қызу қарқынмен дамып келе жатқандығын көрсетеді»,-деп жазады басылым.

Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаевпен болған сұхбатты жарияланды. Сұхбат Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Бас прокурорларының кезекті тоғызыншы отырысында көтерілген мәселелерге арналған. Бас прокурордың айтуынша, аталмыш жиын сындарлы және жемісті өтті. «Бүгінгі кеңестің күн тәртібіндегі мәселелер алдыңғы кезде­су­лердің жалғасы болып табы­ла­тын­дықтан, мәселелер өте өзекті және уақ­ты­лы екендігі даусыз. Біз терроризм мен экстремизмді қаржыландыру көздері­нің бірі ретінде есірткі мен қаруға, адам саудасына қарсы іс-қимыл, сон­дай-ақ қылмыстық жолмен алынған та­быстарды шыққан еліне қайтару сияқты ұлтаралық ұйымдасқан қылмысқа қар­сы күрестің көкейкесті аспектілері бой­ынша өзара іс-қимылды одан әрі жалғастыру­дың өзекті бағыттарын талқыладық»,-дейді А.Дауылбаев. Сұхбат «Бейбітшілк пен қауіпсіздік тірегі» деген тақырыппен берілген.

***

«Табиғаттың» төрағасы ашуға мінді». «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде сындай тақырыппен жарияланған мақалада «Табиғат» экоодағының төрағасы Мелс Елеусізовтың мәлімдемесі жарияланған. «Мен Алматының байырғы тұрғынымын. Бұл қала жастайымнан етенн жақын. Жас кезімде құрбы-құрдастарыммен бірге мәңгі жасыл Алматының бәйтеректерінің көлеңкесінде таза ауада демалып, ерекше әл-қуат алатынбыз. Ал қазір ше?... Зәулім бәйтеректер қырқылып, қала сұлу қалпынан айырылып барады. Алматының қазіргі жағдайын көріп, аяп кетемін. Бұған төзуге болмайды. Құқық және табиғат қорғау органдары бұған батыл шара қолданулары қажет»,-дейді эколог.

Сондай-ақ аталмыш басылымға сұхбат берген Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуовтың айтуынша, Ертеректе қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заңда» қатаң нормалардың қарастырылмағандығы салдарынан жат діни ағымдардың ықпалы күн санап күшейіп келеді. Жат ағымдар идеологиясы осылай шектеусіз тарала берсе, қатерлі қауіпке айналары анық. Еліміздегі дәстүрлі діндерді дамытуға, мемлекетқұраушы ұлттың діні - ислам дініне мемлекет тарапынан басымдық берілмегендіктен, олардың мәртебесі жат секталармен бір деңгейде қалып отыр. Мұның барлығы дәстүрлі діндердің халық арасындағы беделіне, оларға деген қоғамдық көзқарасқа кері әсер етуде. «Сондықтан «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заңына» «дәстүрлі дін» ұғымы енгізілуге тиіс», - дейді ғалым. Сұхбат «Ислам оқу орындарында діни мамандыққа қосымша зайырлы, кәсіптік, мамандықтьы игерту мәселесін шешу қажет» деген тақырыппен басылған.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Депутаттар неге заң жобаларының қазақ тілінде жасалуын талап етпейді?» атты мақала жариялады. Мақалаға Үкімет өкілдері мен Парламент депутаттарының қатысуымен өткен селекторлық мәжілісте көтерілген мәселелер сөз болған. Онда депутаттар Үкіметке өздерінің бірқатар ұсыныс, пікірлерін жеткізген. Сенат төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің айтуынша, Үкімет заң жобаларына Парламентке әкелуді дұрыс ұйымдастырмайды. Оның үстіне заң жобалары депутаттарға «Тездетіп қабылдауларыңызды сұраймыз» дейтін өтінішпен келеді. Сондай-ақ Сенат төрағасының орынбасары заң жобаларының бірізділігін қадағалайтын топ құрылуы керектігін жеткізді.

Сондай-ақ аталмыш басылым Мәжіліс депутаты Ермұхамбет Омаровпен болған сұхбатты жариялады. Халық қалаулысының мәлімдеуінше, Қазақстан үшін ең басты нарықтық әлеуеті зор экспортты бағыт - Ресей болып табылады. «Ресей жыл сайын 1,5 миллион тонна ет импорттайды. Соның ішінде 800 тоннасы - сиыр

еті. Бес жылдан кейін Қазақстан Ресейге ет импорттайтын ең ең ірі мемлекет болмақ. Көрші елдердегі етті тұтыну көлемінің жыл сайын артуына орай, Қазақстан мал шаруашылығындағы әлеуетін жандандыруға және сырт мемлекеттердің нарығын сиыр етімен қамтамасыз етуге мүдделі болып отыр», - дейді депутат. Бұл мәселе жөнінде кеңірек білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Бес жылдан кейін Қазақстан Ресейге ет импорттайтын ең ірі мемлекет болмақ» атты мақалаға зер салыңыз.

***

«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында «Интегрируясь, всемерно расширять «пространоство безопасности» атты мақала жариялады. Онда Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті аталмыш халықаралық ұйым тарихында атаулы күн болып қалары сөзсіз екендігі айтылған. Басылымның жазуынша, осыдан ондаған жылдар бұрын осы ұйымға мүше елдер арасындағы қатынастарды реттеп, халықаралық терроримз, эсктремизм және сепаратизмнің алдын алатын аймақтық құрылым ретінде құрылған Ұйым, уақыт өте келе Орталық Азия аумағында көпсалалы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттырудың қуатты құралына айналды. Қорыта келгенде, ШЫҰ-ның жиынында экономика мәселесі қосымша мәселе ретінде қаралып, басты тақырып бұрынғысынша аймақтық қауіпсіздік болып қала бермек.