Бесарық ауылының тұрғындары да өз таңдауларын жасады - Қызылорда
ҚЫЗЫЛОРДА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда қаласына қарасты Бесарық ауылының тұрғындары да еліміздің ертеңі үшін дауыс беру үшін таңалакеуімнен сайлау учаскелеріне келіп,
өз таңдауларын жасады. Жалпы №148 Бесарық сайлау учаскесінде 1310 сайлаушылар тіркелген.
Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясында орналасқан №175 сайлау учаскесінде тәңертеңгі 7.00-ден бастап сайлаушылар өз таңдауын жасауға асықты. Олардың ішінде бірінші болып және алғаш рет таңдау жасау құқығына Қорқыт Ата атындағы ҚМУ 1-курс студенті Ақкенже Қалтайқызы ие болды. Ол осы округ бойынша тұңғыш рет сайлауға қатысатын 15 жастың қатарынан.
- Ел тағдырына салғырт қарай алмаймыз, біздің таңдауымыз - біздің болашағымыз. Сондықтан бүгін сайлауға келіп, қатысып жатқаныма қуаныштымын,-дейді А. Қалтайқызы.
Осы сайлау учаскесіне ертемен келіп, өз таңдауын жасағандардың бірі - Ұлы Отан соғысының ардагері Тәнеш Оразов та дауыс беру - азаматтардың басты парыздарының бірі болуы тиіс дейді.
Жалпы, №175 сайлау учаскесінде 19 көп қабатты үй, 363 жеке сектордағы үй тұрғындары тіркелген. Сайлауға дейін электоратты маңызды науқанға белсенділікпен қатысуына шақырдық,-дейді учаске төрағасы Асқар Әділбеков.