«Бесінші Парламент үш партиядан жасақталады» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 17 қаңтар, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, 15 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Кеше Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауының алдын ала қорытындыларын жариялады.Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларынан алынған алдын ала мәліметтерге сәйкес, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы сайлаушылардың 80,74 пайыз даусын алды. Сайлаудың алдын ала қорытындыларына қатысты өзге де мәліметтерді «Алдын ала қорытындыларын жария етті» деген мақаладан білесіздер.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, елімізде өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында «Нұр Отан» ХДП жеңіске жетуіне орай Қазақстанның жастар ұйымдары мен бірлестіктері де құттықтауларын жеткізуді жөн санапты. «Қазақстан жастар Конгресі» мен «Қазақстан студенттер Альянсы», «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрағалары Шахмардан Байманов, Шыңғыс Бескемпіров және Нәзира Бөлтірікова еліміздің қоғамдық өміріндегі ең маңызды шаралардың біріне жастардың бір кісідей атсалысып, өз қалауларын білдіруге белсенді қатысқандығын жеткізді. Ел жастарының «Нұр Отан» партиясы мен оның саясатына қатысты көзқарастары жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Жастар жеңімпаз партияны құттықтады» атты мақалада.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, Астананың азулы «арландары» сенбі күні бокс сүйер қауымды тағы бір серпілтіп тастады. «Лос-Анжелес матадорстың» «бұқаланып» келген боксшыларын бірінен соң бірі мүйізін қайырып, келген еліне қайта аттандырып жіберді. Несін айтасыз, айызымыз қанған бокс болды. Кеңірдек жыртылғанша, болысып айқайлаған жанкүйерлеріміздің бокстан алған әсері біразға дейін тарқамасы анық. Аталмыш спор бәсекесінің немен аяқталғандығын «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы "Матадорлар" "Арландарымыздан" оңай таяқ жеді" атты мақаладан оқыңыздар.
Осы басылымның жазуынша, Мәжілісті құрайтын партиялар белгілі. Пайыздық еншіге қарағанда, Парламенттің төменгі палатасындағы мәртебелі 98 мандаттың 84-і «Нұр Отанға», 7 орын - Ақ жолға, 7 орын - коммунистерге тиетін секілді. Ендеше меже сызығын еңсерген үш партия заң шығарушы органда қызмет ететін өздерінің өкілдерін үкілеуге кіріссе де болады. Ал конституциялық заңнамаға сай көппартиялы болып қалыптасатын бесінші шақырылым Парламентінің көтеретін жүгі жеңіл емес. Оның ең бастысы - болуы мүмкін деп болжанатын дағдарысқа сауатты тойтарыс беру! Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Бесінші Парламент үш партиядан жасақталады» атты мақалада.
***
«Қазақстандықтар «Нұр Отан» партиясына дауыс беру арқылы оған тағы карт-бланш берді, яғни тағы бір мүмкіндік жасады. Еліміздің азаматтары еліміздегі тұрақтылық пен бірлік үшін, Президент осыған дейін ұсынған бағдарламаларды іске асырылуы үшін дауыс берді. Ал бұл дегеніңіз, Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама, жұмыспен қамту мен елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, аграрлық секторды қолға алып, кәсіпкерлікті дамыту. Осы және өзге де бастамалардың барлығы қазақстандықтар жұмыспен қамтылып, олардың әл-ауқаты жылдан-жылға жетіле берсін деген мақсаттан туған дүниелер»,-деді Елбасы Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын депутаттардың сайлауында. Елбасы сонымен қатар өзі қолға алған істерді жүзеге асыру барысында ылғи да Ассамблеяға арқа сүйейтінін атап көрсетті. Сондықтан Ассамблея болашақта халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Бұл туралы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Избраны Ассамблеей» атты мақаладан оқисыздар.