Бесінші сайланған ҚР Парламентінің бесінші сессиясы өз жұмысын бастады (ФОТО)

«Бүгінгі біздің бірлескен отырысымызға республикамыздың Премьер-Министрі, Мемлекеттік хатшысы, Президент Әкімшілігінің басшысы, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы соттың және Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, Үкімет мүшелері, Қазақстан Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министрдің кеңсесінің, Парламент палатары аппараттарының жауапты қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысып отыр. Бүгінгі біздің отырысымыздың күн тәртібінде бір ғана мәселе бар. Ол «бесінші сайланған ҚР Парламентінің бесінші сессиясының ашылуы туралы», - деді Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов.
Сессияның ашылуына Сенаттың 47 депутатынан 44-і , Мәжілістен 107 депутаттың 104-і қатысты.
«Өздеріңіз білесіздер, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік сапармен Қытай Халық Республикасында жүр. Осыған байланысты «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңының алтыншы бабының бесінші тармағына сәйкес, маған Парламент Мәжілісінің Төрағасы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің берген тапсырмасы бойынша бесінші сайланған ҚР Парламентінің бесінші сессиясын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер», - деді Қ. Жақыпов.