Бесінші Халық құрылтайы желтоқсанда Бішкекте өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанда 2026 жылғы 18 желтоқсанда V Халық құрылтайы өтеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі хабарлайды.

Бесінші Халық құрылтайы желтоқсанда Бішкекте өтеді
Фото: economist.kg

Қырғыстан Республикасының Президенті Садыр Жапаров тиісті жарлыққа қол қойды.

Ауқымды іс-шараға елдің барлық өңірінен 700 делегат іріктеліп алынады.

Құжатқа сәйкес, делегаттар арасындағы квоталардың бөлінуі, ұйымдастыру комитетінің құрамы және оның жұмыс тәртібін реттейтін уақытша ереже бекітілді.

Құрылтайды өткізуге байланысты барлық техникалық жұмысты, соның ішінде делегаттарды сайлау үдерісін үйлестіруді арнайы бекітілген ұйымдастыру комитеті атқарады.

Халық Құрылтайының хатшылығы, президенттің облыстардағы ресми өкілдері, жергілікті мемлекеттік әкімшіліктер, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және бірқатар министрлік сайлауды ұйымдастыруға қатысады.

Құрылтайға дайындық және оны өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті Қырғызстан Ішкі істер министрлігі қамтамасыз етеді.

Еске сала кетейік, Қырғызстанда 2022 жылдан бері төрт Халық құрылтайы өтті.

Алғашқы Халық құрылтайы 2022 жылдың 25-26 қарашасында Бішкек қаласында өткен болатын.

2023 жылғы 15-16 желтоқсанда ел астанасында өткен екінші Халық құрылтайында әлеуметтік-экономикалық мәселелер кеңінен талқыланды.

2024 жылғы 20-21 желтоқсанда Бішкекте өткен үшінші Халық құрылтайында әлемдегі экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты жыл сайын үдеп келе жатқан су тапшылығы мәселесіне ерекше назар аударылды.

2025 жылғы 25-26 желтоқсанда өткен төртінші Халық құрылтайында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдегі сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес барысы туралы айтты. Сондай-ақ климаттың жаһандық өзгеруіне байланысты су тапшылығының күшеюі және оның Ыстықкөлге әсері де сөз болды.

Ақзат Жиеналина