Бэтмен фильмінде басты рөлді сомдаған Бэйл АҚШ-та атыс барысында зардап шеккендермен көрісті
АСТАНА. 25 шілді. ҚазАқпарат - «Қара рыцарь: Аңыздың оралуы» атты Бэтмен туралы түсірілген жаңа фильмде басты рөлді сомдаған актер Кристиан Бэйл, аталмыш фильмнің тұсаукесерінде болған атыс барысында жараланғандар жатқан Аврора қаласында болып қайтты.
Бұл туралы CNN хабарлады.
Бэйл зайыбымен бірге 20 шілде күні киноның премьералық көрсетілімі барысында 12 адап өлтіріліп, 59-ы жараланған кинотеатрдың жанындағы мемориалда болды. Актер құрбан болғандардың рухына тағзым етіп, мемориалға гүл шоқтарын қойды.
Бэйл сондай-ақ шабуыл салдарынан зардап шеккендер емделіп жатқан ауруханада болды. Науқастар мұндай кездесуге аса қуанышты болды. Contactmusic -та атап көрсетілгендей, Бэйлдің бұл сапары оның жеке ниеті болған.
Еске салайық, полиция атысты ұйымдастырған басты күдікті - 24 жастағы Джеймс Холмсты тұтқындады. Ресми түрде айыптар 30 шілде күні тағылады деп күтілуде.