Бетон араластырғышта аяғы қысылып қалған құрылысшы құтқарылды
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне құрылыс алаңында адамның аяғы қысылып қалғаны туралы Алматы облысы ТЖД-дан хабар түсті. Құм тиеу жұмыстары кезінде 35 жастағы жұмысшы сүрініп қалып, оң аяғы бетон араластырғышта қысылып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Республикалық жедел-құтқару жасағының 5 құтқарушыдан құрылған жедел тобы мен Қонаев қаласы жедел-құтқару жасағының 4 құтқарушысы дереу оқиға орнына барды.
«Оқыс оқиға Іле ауданындағы Гейт Сити ықшам ауданында болған. Оқиға орнына келгеннен кейін ТЖМ құтқарушылары болгарканың көмегімен зардап шеккен ер адамның қысылған аяғын босатты, аяғы сынып кеткен екен. Құтқарушылар шок алған ер адамды жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Жедел жәрдем бригадасы оны бірден ауруханаға алып кетті», - деп жазды ведомстводан.
Құтқарушылар қауіптілігі жоғары объектілерде мұқият болуға кеңес береді.
