«Бейбарыс кесенесі бітпей қалуы мүмкін» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 13 сәуір, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Бейбарыс кесенесі бітпей қалуы мүмкін» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Кеше Астанада Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусиннің төрағалығымен Президенттің «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Жарлығын іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, Президенттің Жарлығына сәйкес, барлық құқық қорғау органдарының жеке құрамынан 110 мыңға жуық адам аттестаттаудан өтеді. Аттестаттауды өткізу ережесіне сәйкес, елімізде құрамында 500-ден астам адам болатын 90-нан аса аттестаттау комиссиялары құрылады. Кезектен тыс аттестаттау туралы барлық жұмыстар үш кезең бойынша жүргізіліп, ағымдағы жылдың соңында аяқталады. Мақала «Аттестаттау өз дәрежесінде өтуі тиіс» деген тақырыппен берілген.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Розақұл Халмұрадовпен арадағы әңгіме «Бір күн жанжал болған үйден қырық күн береке кетеді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген халық қалаулысы: «Бұл сұрағыңызға былай деп жауап бермекпін: біздің атажұртымыз Өзбекстан емес, біздің атажұртымыз - осы Қазақстан. Қазақта «Әр азамат өзінің жеті атасын білуі парыз» деген сөз бар ғой. Мен жеті атамды тарататын болсам, өзімнің әкем - Сатыбалды, оның әкесі - Халы баба, оның әкесі - Қошқар баба, оның әкесі - Мадусман баба, оның әкесі - Ахмет Юсуп баба, оның әкесі - Нұржан баба, оның әкесі - Хасантай баба. Менің осы аталған жеті атамның барлығы Қазақстанда туып, Қазақстанда өскендер. Сондықтан «Атажұртың - Өзбекстан» деген бізге өте ауыр тиеді», - дейді.

***

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, таяуда елордада кілең әйелдер бас қосып, «қазақстанда қыз ұрлауды қылмыс деп тауып, қатаң жазаға тарту керек» деген мәселе көтеріпті. «Әрине егер елімізде қыздар мен ерлер саны тең болса, кәрі қыздар мәселесі жоқ болса, оң жақта отырып бала тауып, оны тастап кету мәселесі деген болмаса, бәлкім, мұны қолдауға да болар еді. Бірақ...», - деп жазады басылым. Сонымен бірақтың астарында не жатқанын білгіңіз келсе, «Алып қашса - тойлармыз, қыздарымыз отырып қалмасын деп ойлаңыз...» деген тақырыптағы мақалаға назар салыңыз.

                                                                                            ***

«Египеттегі төңкерістің кесірінің иісі қазаққа да тиіпті. Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы тырысында бір топ сенатор дабыл қағып, үкімет басшысына ресми сұраумен жүгінді», - деп жазады «Айқын» газеті жұма күнгі санындағы «Бейбарыс кесенесі бітпей қалуы мүмкін» деген тақырыптағы мақаласында. Солтүстік Африкадағы осы елде саяси дүрбелең мен қоғамдық тәртіпсіздіктер орын алғаны мәлім. Осыған орай Жоғарғы палата депутаттары осы ел астанасындағы Бейбарыс кесенесінің кейінгі тағдырына алаңдаулы.

***

«Кеше Президент көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин Бейжіңде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының жетінші кездесуіне қатысты», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті.  Кездесу аясында ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік саласындағы ахуал, терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге қарсы әрекет ету, есірткінің заңсыз айналымына және трансұлттық қылмыстың басқа да түрлеріне қарсы күрес туралы пікірлер алмасу болды. Өткізілген іс-шара нәтижесі бойынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының жетінші кездесуінің хаттамасына қол қойылды.

***

Студенттер Ерғали Адамбаев пен Диас Жүнісбеков қазақ мәтіндерін теруге өте ыңғайлы компьютер клавиатурасын жасап шығарыпты. Таядағы ғана өздерінің өнертабыстарына патент алған олар құрылғының сынамалық партиясына Қытайға тапсырыс берген. Бұл жайында «Экспресс К» басылымындағы «Клава, давай!» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Газеттің атап өтуінше, студенттердің өз жобаларын іске асыруына халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің президенті Ерлан Сағадиев қол ұшын берген.