Бейбіт Атамқұлов әуе бағдарларын субсидиялауға қатысты түсінік берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов әуе бағдарларды субсидиялауға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейбіт Атамқұлов әуе бағдарларын субсидиялауға қатысты түсінік берді

«2020 жылға шығыстар біраз өсіп жатыр, 5 млрд 900 миллион теңгеге дейін. 2018 жылы бұл бағдарлама басталғанда 2 млрд 100 млн теңге бөлінген, яғни бұл қаржы 14 ішкі әуе бағыттарына арналды», - деді Б. Атамқұлов Мәжілістің жалпы отырысында.

Белгілі болғандай, бүгінде 14 ішкі әуе бағдары, сондай-ақ «Нұр-Сұлтан – Токио» бағытындағы халықаралық бағдары субсидиялануда.

Министрдің сөзіне қарағанда, 2019 жылы жанар-жағармай бағасының өсуімен 2,7 млрд теңге көлемінде болды. 2019 жылдың ортасында «Нұр-Cұлтан-Токио» бойынша тағы бір әуе бағдары қосылды (субсидиялауға). «Осы бағдарға жарты жылға субсидия 1 млрд 500 млн теңге көлемінде қарастырылды. Келесі жылы толық шығыс 2 млрд 900 млн теңге болып тұр. Осы орайда нақты нәтиже көруіміз керек. Бүгінгі күні ел тұрғындарына әуе билеттері бойынша жеңілдіктер беріп отырмыз. Келесі жылы бес әуе бағыты өзін-өзі ақтау деңгейіне шығады, яғни 80 пайыз шамасында болады. 2020 жылдың нәтижесімен біз субсидияны азайта бастаймыз. 2021 жылғы бюджеттік жоспарда субсидияға шығаратын қаржыны екі миллиардқа дейін төмендетуді көздеп отырмыз», - деді министр.