Бейбіт Атамқұлов жыл соңына дейін тапсырылатын жобаларды атады
Жыл соңына дейін келесі жобаларды пайдалануға беру жоспарланған:
Бірінші - Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кен байыту комбинатын кеңейту жөніндегі жоба («KAZ Minerals Aktogay» ЖШС). Бұл сульфидті кенді қайта өңдеу қуатын жылына 2 есеге, яғни 50 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, ал мыс өндірісін 90%-ға арттырып, жылына 190 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді.
Екінші - Шымкент қаласында алюминий банкілерін өндіру бойынша Қазақстандағы алғашқы жоба. Қазір біз жылына 700 млн алюминий банкілерін импорттаймыз. Осы жобаны іске асыру тамақ өнеркәсібінің ішкі қажеттілігін 65%-ға (жылына 500 млн.бірлік) қамтамасыз етеді.
Үшінші - Қарағанды облысында Сарыарқа ферроқорытпа зауытын салу жобасы - «Qaz Carbon» ЖШС (Каз Карбон). Кәсіпорын жоғары сапалы ферроқорытпалар мен агломерат марганецтерін алу үшін инновациялық технологияларды пайдаланады. Шығарылатын өнім толығымен экспортқа бағытталған (АҚШ, Жапония, Корея, Түркия және Еуропа елдері).
«128 жобаның толық қуатына шығуы ел экономикасының одан әрі дамуына оң серпін береді. Өндіріс көлемі шамамен 1 трлн теңге. Экспорттық әлеует 800 млн АҚШ долларын құрайды. Ауылдық жерлерде 5,5 мың, ал моноқалаларда (Саран, Екібастұз және Риддер қалалары) 1,6 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Қазіргі жағдайда индустрияландырудың жақсы қарқыны бірінші бесжылдықта берілген серпіннің арқасында сақталып отырғанын атап өткен жөн», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл елімізде 1,23 трлн теңге болатын 128 жоба іске қосылады.
Осы бағытта инвестиция тарту жағынан 2 өңір көш басында тұр.