Бейбіт Шүменов Астанада бокс мектебін ашады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіби бокста екі салмақ санаты бойынша әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық спортшы Бейбіт Шүменов Астанада бокс мектебін ашуға ниетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейбіт Шүменов Астанада бокс мектебін ашады

«Біз Қазақстанда кәсіби боксты дамытуды жоспарлап отырмыз. Қазақ балаларының әлем чемпионы атануына көмектесіп, еліміздің брендін әлемге танытқымыз келеді. Сондай-ақ жас балалардың боксты үйреніп, тәжірибе жинақтауы үшін Астанада бокс мектебін ашу жоспарда бар», - деді Бейбіт Шүменов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Боксшы журналистер сауалына берген жауабында мектепті Астана қаласында ашатынын айтты. Ал оның нақты қай уақытта ашылатынын айта алмады. Дегенмен оған 7 жасқа дейінгі балалар қабылданатынын жеткізді. Оның айтуынша, жоба сәтті жүзеге асса, мұндай мектептер Қазақстанның өзге де қалаларында ашылатын болады.

Шүменов өзін бапкер болуға әлі ерте деп санайды, бірақ білімі мен тәжірибесін жас қазақстандықтармен бөлісуге дайын екенін атап өтті.

«Менің ойымша, қазақстандықтар кәсіби бокстың қаншалықты беделді екенін әлі түсінген жоқ. Мәселен, Мэнни Пакьяо кішкентай ғана Филиппиннен шыққан. 10 жыл бұрын Филиппиннің қайда орналасқанын әлем халқы білген жоқ деп ойлаймын. Дәл осы боксшының арқасында Филиппин елі әлемге танылды. Боксшы әлемдік кәсіби аренада танылған сайын, елдің де абыройы арта түседі. Бұған қол жеткізу үшін менің компаниям, білімім және тәжірибем бар. Бапкер болатын ойым жоқ, бірақ отандастарымның әлемдік аренада табысты болуы үшін тәжірибеммен бөлісуге әзірмін», - деді ол.   

Еске сала кетсек, бүгін Бейбіт Шүменов ұзақ үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралғанын мәлімдеді. Шүменов - АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында промоутерлік лицензиясы бар жалғыз шетелдік боксшы. Оның KZ Event Productions, Inc. промоутерлік компаниясының Showtime, ESPN, Fox Sports Network, NBC Sports каналдарымен алдын ала келісімдері бар. Боксшы осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өзінің кәсіби мансабын жалғастыратынын және отандық боксшылардың Қазақстанда ғана емес, әлемде танылуы үшін қолдау білдіретінін жеткізді.