Бейбіт Шүменов «GGG-Канело» реваншы туралы: Жеңімпазды болжау қиын
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіби бокста екі салмақ санаты бойынша әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық спортшы Бейбіт Шүменов мамыр айында өтетін бокс әлемінің басты оқиғасы - Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен Сауль Альварестің (49-1-2, 34 КО) қарымта кездесуі туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Головкин мен Альварестің айқасына келер болсақ - екеуі де лайықты боксшылар. Қайсысының жеңімпаз атанатынын айту қиын. Тіпті өзім де бұл карымтаны асқан қызығушылықпен күтіп жүрмін», - деп жауап берді боксшы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер сауалына.
Қазақстандық боксшы мен мексикалық спортшының арасындағы реванштық кездесу ағымдағы жылдың 5 мамыры күні өтеді деп күтілуде. Еске сала кетсек, 2017 жылдың 16 қыркүйегі күні Лас-Вегаста өткен олардың алғашқы айқастары тең аяқталған болатын.
Сондай-ақ, бүгінгі баспасөз мәслихатында Бейбіт Шүменов ұзақ үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралғанын, Астанада 7 жасқа дейінгі балаларға арналған бокс мектебін ашуға ниетті екенін мәлімдеді.