Бейбіт Шүменов ресми түрде чемпион атағынан айырылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) барлық салмақ санатындағы рейтинг өкілдерінің жаңартылған тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сілтеме жасап.
Қазақстандық Бейбіт Шүменов жаңа тізімде бірінші ауыр салмақтағы WBA «тұрақты» чемпионы титулынан ресми түрде айырылды. WBA жаңа чемпионы - француздық боксшы Арсен Гуламирян. Шүменов онымен 11 мамырда жекпе-жекке шығуға тиіс болатын.
Еске сала кетейік, Бейбіт кезекті жарақатына байланысты аталмыш айқасқа дайындала алмаған еді.
Енді Шүменов «демалыстағы чемпион» дәрежесіне дейін төмендеді. Бұл дәреже оның кез келген уақытта өз қалауынша жекпе-жекке шығуына мүмкіндік береді.