Бейбіт Шүменов жекпе-жегін қайдан көруге болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Qazsport» телеарнасы 7 шілде күні елордада өтетін кәсіпқой бокс кешін тікелей эфирден көрсетеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мереке күндері «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары әдеттегідей футболдан әлем чемпионатын тікелей эфирден көрсетуін жалғастырады. Оның алдында арнайы студиялық бағдарлама шығарылып, оған футболшыларды, жаттықтырушыларды, блогерлерді, кино актерлер мен режиссерлерді қонаққа шақырамыз», - деді ол.
Оның айтуынша, ертең «Ұлы дала рухы» фестиваль басталады. Қыркүйек айына дейін жалғасатын шара еліміздің барлық аумағында өткізіледі. Фестивальдің ресми ашылу рәсімі «Қазмедиа орталығының» кино-концерт залында өтеді.
«7 шілде күні Барыс аренада Бейбіт Шүменовтің Хизни Алтынкаямен титулдық жекпе-жегі өтеді. Бокс кеші аясында 11 кездесу болады. Оның сегізін тікелей эфирден көрсетеміз. Тікелей көрсетілім «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында сағат 14:00-де бір мезетте басталады. Бейбіттің жекпе-жегі жақындаған кезде халықаралық таратуға шығып, сигналды әлемнің түрлі елдеріне береміз. Жалпы, жекпе-жектер кешкі сағат 21:00-ге дейін жалғасқанымен біз 19-00-ге дейін ғана тікелей эфирде боламыз. Себебі біздің футболдан әлем чемпионатын көрсету жөніндегі халықаралық міндеттемеміз бар. Тікелей эфирге кірмей қалған жекпе-жектерді футболдан кейін көрсетеміз. Шаршы алаңға 11 қазақстандық боксшы шығады және барлығы да жеңіске жетеді деп сенеміз», - деді Павел Цыбулин.