Бейбіт Жұқаев Пуэрто-Рикодағы турнирдің жартылай финалына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық, әлемнің 256-ракеткасы Пальмес дель Мар (Пуэрто-Рико) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 617-орында тұрған канадалық Лиам Драксльмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Бейбіт қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік берген жоқ. Есесіне есеп 5:4 болған мезетте брейк жасай білді - 6:4.
Екінші сетте қазақстандық спортшы 5:2 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді - 6:3.
Бір сағат 45 минутқа созылған кездесуде Бейбіт Жұқаев 6 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді. Лиам Драксль 4 эйспен ғана шектелді.
Бейбіттің жартылай финалдағы қарсыласы кейін анықталады.
Еске сала кетейік, Андрей Голубевтің Италиядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Анна Данилина Ноттингем турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Александр Недовесов Нидерландтағы турнирдің финалына шықты.
Фото - Қазақстан теннис федерациясынан