Бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз еттік - Нұрсұлтан Назарбаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматыда өтіп жатқан «Кемеңгерліктің 30 жылы» халықаралық ғылыми конференциясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім жайында сөз қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз еттік - Нұрсұлтан Назарбаев

«Біз конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз еттік. Қазақстанда 46 конфессияның өкілдері қоян-қолтық білім алып, еңбек етіп, балаларын өсіріп отыр. Ал әлемде дәл осы белгілер бойынша діни негізде нендей жайттар орын алып жатқанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Біздің жас елордамыз халықаралық рухани орталыққа айналып, онда әлемдік дәстүрлі діндер съезі тұрақты өткізіледі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, бүгін Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көшбасшылық феноменін зерттеуге арналған «Кемеңгерліктің 30 жылы» халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр.

Конференция қоғамның тұрақты дамуындағы, еліміздің экономикалық және әлеуметтік саяси жаңғыруындағы Елбасының қызметі мен бастамаларының және оның барша әлемде жаһандық қауіпсіздік пен сенім ахуалын жасақтаудағы күш-жігерінің рөлі мен маңыздылығын зерделеуді, Елбасының саяси көшбасшылық феноменін, тұлғаның тарихтағы рөлін одан әрі зерттеуді көздейді.

Конференцияға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.