Бейбітшілік және келісім сарайында Ақмоланың Астана болғанына 12 жыл толуы атап өтілді
sp;АСТАНА. Желтоқсанның 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін кешқұрым Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Ақмоланың Қазақстанның жаңа елордасы, кейін Астана болып жариялағанына 12 жыл толуына арналған салтанатты концерт болып өтті. Концертті көпшілікпен бірге Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері, ғылым және шығармашылық зиялы қауым өкілдері тамашалады.
Концерттің прологы «Бозоқ - Ақмола - Астана» би қойылымы болды. Онда тамырын тереңге тартқан қазіргі Астана қаласы тарихының түрлі кезеңдері, атап айтқанда, қазақ халқының дербестігі мен азаттығы жолында күрескен данагөй билер мен атақты қолбасшыларымыз, қазақ халқының төбесінде қара бұлттар сейілген кезеңдердегі бақытты шақтар, 50-ші жылдарғы тың игеру және одан кейінгі жаңа Астананың қалыптасуы мен қазіргі заманғы жастардың жайсаң өмірі бейнеленді.
Концерт ҚР халық әртісі Қайрат Байбосыновтың орындауындағы Е.Есбаев пен М.Майшекиннің «Туған ел» атты әнімен ашылды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымовтың басқаруындағы Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазының «Сарыарқа», Н.Тілендиевтің «Қарасай батыр» күйлерін орындаса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қанат Ахметовтың басқаруындағы елордалық Мемлекеттік филармонияның симфониялық оркестрі А.Бестібаевтың «Азия дауысы» атты мерекелік тартуын және К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының камералық хорымен Бетховеннің «Қуаныш одасы» атты №9 симфониясының соңғы бөлімін орындады.
Кеште сонымен қатар, Қазақ Ұлттық музыка академиясының скрипкашылар ансамблі, «Наз» Мемлекеттік халық би театрының әртістері, Астана балет компаниясының солистері, «Сарбаздар» КТК командасы өнер көрсетті.
Мерекелік шара И.Грибулиннің «Астана» әнімен аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 1997 жылғы қазанның 20-сындағы Жарлығымен, 1997 жылғы желтоқсанның 10-ынан бастап Ақмола республикамыздың астанасы болып жарияланды. Ал 1998 жылғы мамырдың 6-сынан бастап, Астана атты жаңа атауына ие болды. Жаңа елордамыз - Астаның халықаралық деңгейдегі тұсаукесері 1998 жылғы маусымның 10-ында болды.