Бейбітшілік және келісім сарайында Майра Мұхамедқызының қайырымдылық концерті болады

АСТАНА. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ертең Астана күніне арнап әлемге танымал қазақтың опера әншісі Майра Мұхамедқызы-Керей Бейбітшілік және келісім сарайында қайырымдылық концертін ұйымдастырады.

Бейбітшілік және келісім сарайында Майра Мұхамедқызының қайырымдылық концерті болады

Соған орай бүгін әнші журналистерімен кездесіп, шараға қатысты сұрақтарға жауап қайырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Биыл  тарихи Отаным - Қазақстанға оралғаныма 15 жыл болды. Опера айтуды Қазақстанның сахнасынан бастадым. Астана жұртшылығы  талантымды, өнерімді осы он бес жылдан бері бағалап, концерттерімнен қалмай, тыңдап келе жатыр. Бір жағынан осындай кең пейілділігіне рахметімді айтайын деген оймен үлкен концертті ұйымдастырып отырмын. Концертіме келіп, тыңдаймын деген тыңдармандар болса, есігім айқара ашық!», - дейді Майра Мұхамедқызы-Керей.

 Оның айтуынша, бағдарламада мәнерлі, дауысқа салынуы қиын, ең танымал әлемдік классикалық шығармалар және халық сүйіп тыңдайтын үздік партиялар орындалады.

 «Міндетті түрде халықтық шығармалар шырқалады. Бірінші бөлімде Ұлт аспаптар оркестрі мен қазақтың халық әндері орындалады. «Інжу-маржан» компакт дискісімнен қазақтың ең інжу-маржан әндерін таңдап алып, ертең Астана жұртшылығына ұсынамын. Әсіресе, Тоғжанның сыңсуы деген ән бірінші рет орындалмақ. Сосын Қапездің «Дүние-ай...» әні бар. Өзімнің репертуарымдағы «Ағажай Алтай», «Бүлдірген, «Бұлбұл» шығармаларымен сахнаға шығамын», - дейді ол.

 Майра өзінің концертіне шетелдік әріптестерін де ала келген. Францияның бас-баритон жезтаңдайы Пауль Гей мен АҚШ елінің опера жұлдызы, Гонк Конг театрының негізін қалаушы Уоррен Мок қазір елордада. Олар Вердидің «Дон Карлос» операсындағы Филипп ариясын және Фаусттың атақты шумақтарын және басқа да классикалық шығармаларды әнмен өрнектемек.

 Шетелдік меймандар тілшілердің алдында Астанадан алған әсерлерін, таңданыстарын жасырмай айтып та қалды.

 «Астана әуежайынан түскен сәтте қаланың әдемілігіне қарап, таң қалыстық. Керемет театрларын аралап, елдің тамаша ұлттық оркестрімен таныстым. Театр бар жерде әдемілік бар, мәдениет бар. Бірінші рет ұлттық сусын - қымыздың дәмін таттым. Тағы бір таң қалғаным - Қытайдың атақты ақыны Ли Байдың қазақ екендігін білдім», - дейді Уоррен Мок.