Бейбітшілікті сақтау әскери мүмкіндіктің шеруін көрсету арқылы емес, әрбір елдің тәуелсіздігін құрметтеу арқылы көрініс табуы керек - Мәжіліс Төрағасы

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат - Бейбітшілікті сақтау әскери мүмкіндіктің шеруін көрсету арқылы емес, әрбір елдің тәуелсіздігін құрметтеу арқылы көрініс табуы керек. Бұл жөнінде бүгін Алматы қаласында «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» атты Трансазиялық парламенттік форумның ашылуында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов мәлімдеді,

Бейбітшілікті сақтау әскери мүмкіндіктің шеруін көрсету арқылы емес, әрбір елдің тәуелсіздігін құрметтеу арқылы көрініс табуы керек - Мәжіліс Төрағасы

деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға қатысушы парламентшілерге арнаған сөзінде Мәжіліс Төрағасы Қазақстан ЕҚЫҰ көзқарасын еуропалықтан еуразиялыққа қарай бұруды ұсынып отырғанына маңыз беріп өтті. Бұл ретте Палата Төрағасы ЕҚЫҰ-ның құрамына енетін елдердің шекарасы өте ауқымды, Азия құрлығының да біраз бөлігін алып жатқанын мысалға келтірді.

«Еуразия жүрегінде орын тепкен Қазақстанға еуропалық және азиялық жаһандық «қауіпсіздік тінін» жалғастыру рөлін тағдырдың өзі жүктегендей. Сонымен бірге, Қазақстанның бастамасымен және тікелей қатысуымен құрылған «интеграциялық тіректің» алатын орны ерекше. Оның мысалы ретінде қарқынды дамып отырған жалпыазиялық форум - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес үлгі бола алады. Қазақстанның жас елордасында тұрақты өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бүгінгі дүниежүзінің ғаламдық үндестігінің өркендеуінің нағыз бөлігі болып отыр», деді Төраға.

Трансазиялық парламенттік форумның мінберінен Мәжіліс Төрағасы Еуразия құрлығында қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қол жеткізу үшін қару қолданудың қаупін сейілтуге бірлесіп бар күшті жұмсау қажеттігін алға тартты. Бейбітшілік сақтау әскери мүмкіндіктің шеруін көрсету арқылы емес, әрбір елдің тәуелсіздігін құрметтеу арқылы көрініс табуы керегін айтты.

«Сондықтан біздің басты мақсатымыз кімнің сүрінгенін аңдымай, тілтабысудың жолын тапқанымыз дұрыс деп ойлаймын. Қауіпсіздікті нығайту ісінде халықаралық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтудің бірден-бір жолы сол салада ұлттық заңнама мен халықаралық құқықты жетілдіру болып табылады. Бұл жолда парламенттік дипломатияның мүмкіндігін пайдаланған дұрыс. Әр түрлі елдер мен халықтар арасында туындаған мәселелерді күшпен шешуге болмайды», деді О. Мұхамеджанов.