Бейбітті «Қажымұқан» деп атасақ та жарасады - А. Шораев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Б. Ыстыбаевты «Қажымұқан» деп атасақ та жарасады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Барысы-2016» республикалық турнирінің қорытындысына арналған брифингте «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев осылай мәлімдеді.

 Бейбітті «Қажымұқан» деп атасақ та жарасады - А. Шораев

«Биылғы турнир ерекше өтті. Бейбіт Ыстыбаев үшінші мәрте «Қазақстан Барысы» атанып отыр. Шындығында, Бейбітті «Қажымұқан» деп атасақ та болады. Осындай ел намысын, ұлт намысын қорғаған батырлар, балуандар тарихта қашанда болған. Өкінішке қарай, жұрт аузында Наурызбай, Қабанбай батыр деп көп айтылғанымен, олардың бейнесі де белгісіз бізге. Ал Бейбітке келсек, ол сол бабаларымыздың бейнесін көз алдымызға әкеледі», - деді А. Шораев.

Оның айтуынша, турнир жұрттың да көңілінен шықты. «Әрине, кемшіліктер болмайды деп айтуға келмейді. Ол қашанда болып тұрады. Дегенмен, біз алтыншы мәрте турнир өткізіп отырмыз. Шетелдік әріптестеріміз де осал емес. Ресейден, Түркиядан келіп жатыр. Сондықтан да, біздің командамыз халықаралық деп айтуға келеді. Ұйымдастырушылық жағын жоғары бағалаймын. «Қазақстан Барысы» турнирін Ресей мен Түркия телеарналары тікелей таратады, әлемнің 120 еліндегі аудиторияны қамтып отыр», - деді А. Шораев.

Еске салсақ, жақында Астанада өткен алтыншы «Қазақстан Барысы-2016» республикалық турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев атанған болатын. Бейбіт Ыстыбаев  осыған дейін 2012 және 2015 жылы «Қазақстан Барысы» атағына қол жеткізген еді. Турнир жеңімпазы Б. Ыстыбаевқа 25 000 000 теңге, алтын тайтұяқ және Астанадан бір бөлмелі пәтер берілді. Екінші орын алған Жұманазар Ерсұлтановқа 5 500 000 теңге, үшінші орын алған Айбол Айтбекке 1 800 000 теңге көлемінде сыйлық табысталды.