«Бейбіт күннің батыры»: Алматы облысында Асқар Забикулинге арналған іс-шара өтті
Алматы облысында Асқар Забикулин атындағы «Жас өрт сөндірушілер» әскери-патриоттық клубында еске алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Kazinform облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Бүгін, 5 қаңтар күні Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылы Абай атындағы мектеп-гимназиясында бейбіт күннің батыры Асқар Серікұлы Забикулинның туған куніне арналған еске алу іс-шарасы өтті.
Естеріңізге салсақ, Асқар Серікұлы төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп, елімізге адал қызмет етудің үлгісін көрсете білген азамат еді. Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде оқиға орнына шұғыл жетіп, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Осы бір әрекеті арқылы ол Отан алдындағы азаматтық антына берік екенін және жанқиярлық ерлігін көрсетті.
2023 жылғы 12 сәуірде Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде бірнеше адамның өмірін құтқарып қалған Асқар Забикулин атындағы «Жас өрт сөндірушілер» әскери-патриоттық клубының салтанатты ашылуы өткен болатын. Аталған іс-шараның мақсаты – бейбіт күннің батыры Асқар Серікұлы Забикулиннің ерлігі мен батылдығын ұлықтау, білім алушылардың бойына патриоттық сезімін қалыптастыру.
Асқар Забикулинді еске алу іс-шарасына ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызметі комитетінің төраға орынбасары Марғулан Аманбаев онлайн қатысты. Ол өз құттықтауында Алматы облысы білім басқармасының қызметкерлеріне, Абай атындағы мектеп-гимназияның педагогикалық құрамына, ата-аналар ұжымы мен оқушыларға өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселелерінде атқарып отырған жұмыстары үшін зор алғысын білдіріп, жаңа табыстар мен жетістіктер тіледі, сондай-ақ балалардың еліміздің лайықты азаматтары атануына тілектестік білдірді. Сонымен қатар, қаза тапқан батырдың жұбайы Анель Ерғалиқызы видеобайланыс арқылы қатысып, өз алғысын білдірді.
Сонымен қатар аталған жиынға Алматы облысы ТЖ департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Қалиев Бақытнур Хабиденұлы, Ұйғыр ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері және мектеп ұжымы толық қатысты.