Бейбіт Жұқаев пен Дмитрий Попко Португалияда ширек финалға шығу үшін таласады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар Бейбіт Жұқаев, Денис Евсеев және Дмитрий Попко Оэйраш (Португалия) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.

Б.Жұқаев пен Д. Евсеев іріктеу сайыстарында екі қарсыласын ұтып, негізгі жарысқа жолдама алған еді.
Дүниежүзілік рейтингіде 249-орында тұрған Денис Евсеев алғашқы айналымда әлемнің 144-інші, доданың 8-ракеткасы, словакиялық Лукаш Клейннің мысын басты — 6:4, 6:0.
Бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Евсеев 3 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланып үлгерді. Клейн 2 эйстен аса алмады.
Әлемнің 244-ракеткасы Бейбіт Жұқаев рейтингіде 372-сатыдағы португалиялық Гаштау Элиашты жолдан тайдырды — 6:3, 6:2.
Бір сағат 4 минутқа созылған матчта Бейбіт 8 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Элиаш 1 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Б.Жұқаев ширек финалға шығу үшін отандасы, әлемнің 197-ракеткасы Дмитрий Попкомен таласады. Д. Попко алғашқы айналымда әлемнің 120-ракеткасы, бельгиялық Рафаэль Коллиньонды ұтты — 6:3, 6:2.
Д.Евсеевтің келесі қарсыласы кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 16 жастағы Заңғар Нұрланұлының әлемнің 1-ракеткасымен бірге жаттыққанын жазған болатынбыз.