Бейнебақылау, ауа баптағыш және тоңазытқыш: заманауи вагондар жолға шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл жолаушылар тасымалы 100 вагонмен толығады. 2030 жылға дейін 537 вагон сатып алынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бейнебақылау, ауа баптағыш және тоңазытқыш: заманауи вагондар жолға шығады

«Жыл соңына дейін «ЗИКСТО» АҚ шығарған жаңа жолаушылар вагондары жеткізіледі деп күтілуде. Вагондар ауа баптау құрылғысы, бейнебақылау және өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар жаңа вагондарда тоңазытқыштар, микротолқынды пештер, ауызсу диспенсері және ыстық су титаны бар. Одан бөлек, электр розеткалары орнатылған», - делінген хабарламада.

Ақпаратта айтылғандай, жаңа вагондар еліміздің батыс өңірлеріне қатынайды.

«Сондай-ақ, 2025 жылдан бастап Stadler компаниясының экологиялық таза дәретхана кешендерімен, электр розеткаларымен, бейнебақылау жүйесімен, USB, сондай-ақ ауаны баптау жүйесімен жабдықталған заманауи вагондарын жеткізу басталады. 2030 жылға дейін 537 вагон сатып алынбақ. Соңғы 10 жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ паркі 50% жаңартылды. Қауіпсіздік, жайлылық және экологиялылық бойынша заманауи халықаралық талаптарға жауап беретін 1200 астам вагон сатып алынды», - дейді аталған мекемеден.

Айта кетсек, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-дан бөлек, теміржол жолаушыларын тасымалдайтын 13 жеке компания бар.