Бейнеу аудандық мұрағаты жеке тұрғын үйдің 2-қабатында орналасқан: мәселе сенаторға жеткізілді
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының депутаты Сүйіндік Алдашев Маңғыстау облысындағы бірқатар нысандарда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенатор «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Боранқұл ауылында салынып жатқан спорт залы құрылысының барысымен, сондай-ақ орта мектеп пен балабақшаның жағдайымен танысты.
Депутат Сарға ауылындағы су тазарту қондырғысының құрылысы алаңында да болды. Құрылыс жұмысы аяқталғаннан кейін жергілікті тұрғындарды жұмыспен және сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге болатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Бейнеу аудандық мұрағатының қызметкерлерімен де кездесті. Сала мамандары мекеменің жеке тұрғын үйдің 2-қабатында орналасқаны және ол жердің құжаттарды сақтау талаптарына сәйкес келмейтінін әрі ғимараттың ауданы өте тар екенін атап өтті.