«Бейнеу Бозой» газ құбыры жобасы биыл басталатын болды
АСТАНА. 22 сәуір. ҚазАқпарат - «Бейнеу-Бозой» газ құбыры жобасы биыл басталатын болды.
Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті.
«Елбасының жолдауына сәйкес, Астана қаласы мен елдің солтүстік өңірлерін газдандыру үшін «Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбыры құрылысының жобасы пысықталуда. Жобаның шикізат базасының көзі ретінде айырбас операциялары негізіндегі ресейлік табиғи газды пайдалану жоспарлануда. Алайда бұл жобаның біраз қиыншылықтары да баршылық», - дейді Сауат Мыңбаев.
Бұдан бөлек, министр «Бейнеу-Бозой-Шымкент» бағыты бойынша «Қазақстан-Қытай» газ құбырының екінші учаскесінің құрылысына да тоқтала келе, бұл жобаның іске асыру сатысында тұрғанын атап өтті.
Министрдің сөзіне қарағанда, «Бозой-Шымкент» учаскесін биылғы жылдың қазан айында енгізу жоспарланады. Ал «Бейнеу- Бозой» бойынша жұмыс жеделдетіледі.
«Бұрын бұл учаскенің құрылысын бастау келер 2014 жылға қарай жоспарланған болатын. Бұл мерзім биылғы 2013 жылдың соңына қарай ауыстырылатын болды», - деді С. Мыңбаев.