16:48, 07 Желтоқсан 2015 | GMT +5
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» құбыры 2 млн. тұрғынды газбен қамтамасыз етеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры 2 млн. тұрғынды газбен қамтамасыз етеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті.
«Осыдан екі апта бұрын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының жобасы бойынша «Бейнеу-Бозой» желілік бөлігінің құрылысы аяқталды. Ал «Бозой-Шымкент» бөлігі 2013 жылдың соңында іске қосылып, қазірдің өзінде бұл бөлік арқылы 2 млрд. текше метрден астам газ тасымалданды»,-деп тоқталды М. Мырзағалиев.
Жалпы, жобаның толық аяқталуы 2017 жылға жоспарланып отыр. Жобалық қуаты жылына 10 млрд. текше метр газ болады деп күтілуде.
«Осы ауқымды жобаны іске асыру нәтижесінде шамамен 600 елді мекенді, яғни 2 млн. тұрғынды газбен қамту жоспарланып отыр. Бұл тұрғыда Қазақстанның оңтүстік өңірлері отандық газбен қамтамасыз етіліп, елдің импортқа тәуелділігі төмендейді»,-деп түйді ол.