Бейнеулік 6 баланың анасы өз туған күнінде дауыс берді

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының тұрғыны, 6 баланың анасы Нұргүл Бөлебаева өз туған күнінде таңдауын жасап, аудан болашағы үшін дауыс берді, деп хабарлайды Kazinform.

Сайлау
Фото: ӨКҚ

Нұргүл Бөлебаева 1990 жылы 5 қарашада дүниеге келген. «Күйкен» орта мектебінде 11 жылдан бері ұстаздық қызмет етеді. Көпбалалы жас ана болашақ аудан әкіміне артар үміті зор екенін айтады.

- Сайлау менің туған күніммен тұспа-тұс келгені қуантты. Ендігі тілегім ауданымызды көркейтетін, өз ісіне адал, халықты қолдайтын әкім келсе екен деймін. Барлық үміткерлерге тек сәттілік тілеймін! - деді Нұргүл Бөлебаева.

Айта кетейік, елімізде аудан, қала әкімдерінің сайлауы алғаш рет өтіп жатыр. Ал Маңғыстауда Бейнеу ауданында ғана әкім сайлауы өтіп жатыр

Бейнеудегі сайлау учаскелерінде дауыс беру қарқыны жоғары. №121 сайлау учаскесінде 1 сағатта 25 тұрғын дауыс беріп үлгерген