Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін БАҚ қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты жиында танымал журналист Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, «Жігер» сыйлығына өтініш 2020 жылдың 26 мамыр мен 15 маусым аралығында mdq.kz сайтында қабылданды. Осы байқау ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылды. Ұлттық сыйлықтың басты мақсаты - ардақты азамат, елімізге белгілі тележурналист Бейсен Құранбектің есімін мәңгілікке сақтап қалу және талантты жас журналистерді таныту, олардың кәсіби жағынан одан әрі дамуына қолдау көрсету.

«Жігер» сыйлығының «Әлеуметтік тақырыптағы үздік сюжет» аталымында «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Мерей Шомаханова, «Әлеуметтік тақырыптағы үздік мақала» аталымында «Egemen Qazaqstan» газетінің ШҚО-дағы тілшісі Азамат Қасым, «Әлеуметтік тақырыптағы үздік фотосурет» аталымында Pavlodarnews.kz ақпарат агенттігінің фототілшісі Ольга Бугаева, «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал» аталымында «Алматы» телеарнасының редакторы Ақжелең Рахатдинқызы алғашқы иегері атанды.

Марапаттау рәсімінде Б. Құранбектің жанында тәжірибе жинаған шәкірті Ақжелең Рахатдинқызы ұстазы жайында естелігін айтты.

«Шынымды айтсам, бойымда бірнеше сезім арпалысып тұр. Бір жағынан бұл қуаныш, екінші жағынан Бейсен ағаның атына осылай естелік айтып тұрамын деп ойлаған жоқпын. Судент болып, диплом алып тәжірибе жинақтауға алғаш бағдарламаға келген едім. Сол кезде Бейсен аға сенім артып, жұмысқа алған еді. Сол сенімін ақтасам, арманым жоқ. Бейсен аға бізге үздік өмір сүрудің үлгісін көрсетіп кетті, яғни қалай жақсы адам, жақсы маман, білікті басшы, рухани сырлас, дос, әке, жар болудың үздік үлгісін көрсеткен адам. Бейсен Құранбектің шәкірті атын алып жүру - өте үлкен жауапкершілік. Бұл сыйлықтың да жауапкершілігі ауыр деп ойлаймын», - деді А. Рахатдинқызы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін онлайн көрсетілген салтанатты жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.


Соңғы жаңалықтар