Бейтаныс қызбен танысамын деп көлігінен айырылып қала жаздады

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана тұрғындарының бірі бейтаныс қызбен танысамын деп көлігінен айырылып қала жаздады. Бұл оқиға жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораза мәлім етті.

Бейтаныс қызбен танысамын деп көлігінен айырылып қала жаздады

Оның айтуынша, ішкі істер департаментіне 1987 жылы туған Л. атты азаматтан шағым түскен. Ол шағымында 4 желтоқсан күні түнгі 23-00 шамасында қаладағы Екібастұз көшесінде белгісіз біреудің «Нокиа-6700» ұялы телефоны мен «Тойота» көлігін тартып алғандығын көрсеткен. Шағым түсісімен ішкі істер департаментінде арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, тәртіп сақшылары аталмыш қылмысты ашудың барлық жолдарын қарастырды. Осыдан соң ұрланған көліктің Ақмола облысына бағыт алып бара жатқаны мәлім болып, күдікті Целиноград ауданының Луговое селосында ізі суымай ұсталады.

«Кейін мәлім болғанындай, зардап шегуші азамат 4 желтоқсан күні үйінде отырған. Осы сәтте оның ұялы телефонына белгісіз бір қыз түнгі сағат 22-00 шамасында өзімен танысқысы келетіндігін айтып, бірнеше смс хабар жіберген. Осыдан соң зардап шегуші қыз айтқан мекен-жай бойынша 40-стансыға бет алады. Жолда оған белгісіз бір жігіт телефон шалып, өзін әлгі қыздың ағасымын деп таныстырады да оған өзінің жол көрсетіп отыратындығын айтады. Әлгі жігіттің кеңесі бойынша жүріп отырған зардап шегуші қажетті жеріне келіп тоқтағанда, оған бет- әлпеті кавказдыққа ұқсайтын бір жігіт келіп, алдыңғы орынға отырады да тапанша кезеніп, көлік иесіне көліктен шығуды талап етеді. Сөйтіп, көлігінен айырылған жігіт айдалада қала берген», деді Н.Ораз.

Аталмыш әрекетті іске асырған азамат қолға түсіп, жапа шеккен азаматтың көлігі мен ұялы телефоны қайтарылды.

Бұл әрекет бойынша қылмыстық іс қозғалды.