Бейжің-2022: Бүгін медаль алуға үміт оянған күн болды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжің Олимпиадасының бесінші күні жанкүйерлерге медальға деген үміт оянған күн болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін, яғни 9 ақпан күні қазақстандық атлеттер спорттың үш түрі бойынша жарыс жолына шықты. Жарыс кестесіне сәйкес ең әуелі тау шаңғысынан әйелдер арасындағы бәсекеге көз тіктік. Бұл сында Олимпиада дебютанты 18 жастағы Александра Троицкая ел намысын қорғады. Өкінішке қарай жас спортшымыз алғашқы Олимпиадасында мәре сызығына жете алмай, жарыс жолынан шығып қалды.
Одан кейін шаңғы қоссайысынан өткен жарыстарға үмітпен қарадық. Бұл додада Шыңғыс Ракпаровқа үміт артқан едік. Ол бірінші сайысында орташа трамплиннен 79,5 метрге секіріп, 38-орынға (69,9 ұпай) ие болса, екінші 10 шақырымдық із кесу жарысында жеңімпаздан жеті минутқа артта қалып, жалпы есепте 41-орынға ие болды. Енді ол үлкен трамплиндегі жарысқа қатысады.
Бұл сында бас жүлдені германиялық Винзенц Гейгер жеңіп алса, екінші орынды Норвегия шаңғышысы Йорген Нюланд Гробак қанжығасына байлады. Ал үздік үштікке австриялық Лукаш Грейдерер ие болды.
Бүгінгі күннің соңғы жарыстарын шорт-трекшілеріміз аяқтады. Жай ғана жеңіліспен аяқтаған жоқ, медальға деген үмітімізді оятып, рухымызды серпілтіп барып жарыс мәсесін кесті.
Нақтырақ айтсақ, шорт-тректен 1500 метрлік жарыста ел намысын Денис Никиша мен Әділ Ғалиахметов қорғады. Ширек финалда екеуі бір топқа түсті. Өкінішке қарай, Денис Никиша жарыс кезінде құлап қалып, ескерту алды. Ол өзімен бірге канадалық спортшыны да жарыс жолынан ығыстырған болатын. Ал Әділ Ғалиахметов топта екінші орын иеленіп, жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалда қытайлық спортшы Әділді итеріп жіберген, сол үшін ол жазаланып, Ғалиахметов финалға жолдама алды. Дегенмен финалда қазақстандық спортшы 8-орын алды. Осылайша Ғалиахметов жанкүйерлерін бір серпілтіп, медальға деген үміт отын жаққандай болды.
Сондай-ақ, бүгін шорт-тректен 1000 метрге жүгіруден әйелдер арасындағы іріктеу жарыстары өтті. Бұл сында ел намысын Ольга Тихонова қорғады. Ол жарыс барысында қарсыласына соқтығысып, құлап қалды. Осы себепті төрешілер Тихонованы жарыстан шеттетті. Десе де, ол аталған қашықтықты 1 минут 56 секундта жүгіріп өтті. Енді қазақстандық спортшы 16 ақпан күні 1500 метрге жүгіруден сынға түседі. Демек, әлі де жүлдеген таласуға мүмкіндігі бар.