Бейжің-2022: Қазақ спортшылары бүгін қалай өнер көрсетті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжің Олимпиадасының жетінші күні қазақстандық атлеттер спорттың үш түрінен бақ сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Олимпиада ойындарында спорттың үш түрінен жарыс жолына 7 спортшымыз шықты. Алайда ешқайсысы жүлделі орынға қол жеткізе алмады.
Ақ Олимпиадаға аттанған Ұлттық құрама мүшелері ел қоржынына қашан жүлде салары әлі белгісіз.
Ең әуелі шаңғы жарысынан әйелдер арасындағы (4х5 км) эстафеталық жарыстардан кіл мықтылар анықталды.
Бұл сында ел намысын төрт атлетіміз Валерия Тюленева, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга және Надежда Степашкина қорғады.
Нәтижесінде эстафетадан Қазақстан әйелдер құрамасы жарыс қорытындысы бойынша 15-ші орынға ие болды.
Аталған додада бас жүлдені Ресей құрамасы, күмісті германия құрамасы, үздік үштікті швециялықтар қанжығасына айлады.
Одан кейін конькимен жүгіру спортынан ерлер арасында 500 метрлік қашықтықтан жүйріктер анықталды. Бұл сында Қазақстан атынан Иван Аржанников бақ сынады.
Нәтижесінде жерлесіміз отандасымыз үздіктер қатарына қосыла алған жоқ.
Ол 500 метр қашықтықты 35:82 секундта жүгіріп өтіп, 30 спортшыдан 28-орынға ие болды.
Аталған қашықтықты 34,32 секундта жүгіріп өткен қытайлық Гао Тиньюй алтын медаль иегері атанды.
Күміс жүлдені оңтүстік кореялық (34,39) Ча Мин Кю қанжығасына байласа, үздік үштікті жапониялық Ватару Мориши (34,49) өз еншісіне жазды.
Қазақстандық спортшылардан бүгінгі жарысты биатлоншыларымыз қорытындылады.
Ерлер арасында 10 шақырымдық спринттен өткен сайыста Владислав Киреев пен Александр Мухин ел намысын қорғаған болатын.
Жарыс қорытындысында Александр Мухин мәре сызығын 49-шы болып кесті. Ал Владислав Киреев мәреге 77-ші болып жетті.
Бұл додада мәре сызығын бірінші болып кескен Норвегия Йоханнес Бое (24:00.4 (0+1)) жеңімпаз атанды. Екінші орынды франциялық биатлоншы Квентин Фийон-Мэйле (+25,5 (1)) қанжығасына байлады. Үздік үштікті Норвегияның тағы бір өкілі Тарья Бе (+38,9 (1)) түйіндеді.
Осылайша бүгінгі жарыс күнінде де Қазақстан құрамасының спортшылары жанкүйерлер күткен үмітті ақтай алған жоқ.