Бейжің- 2022: Қазақстанның фристайл акробатикадан командалық жарысқа қатыспау себебі айтылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бейжің олимпиадасында қазақстандық спортшылардың фристайл акробатикадан командалық жарысқа шықпауына қатысты түсінік берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз негізі фристайл акробатикадан 2 санат бойынша қатысуымыз керек еді. Бірінші командалық, екінші жеке. Өкінішке қарай, коронавирус кері әсерін тигізді. Қыздарымыз Финляндияда дайындықта еді, спортшылардың ПТР тесті оң нәтиже көрсетті. Оң нәтиже болғаннан кейін біз Ақмаржан Қалмұрзаеваны сол жақта ұстап отырдық. Бейжіңге алып келейік дегенбіз, оған бұл жақта COVID-19-ға талап қатаң. Бірден карантинге жауып тастайды», - деді Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов Бейжіңмен тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихатында.
Ұлттық олимпиада комитеті өкілінің айтуынша, спортшыларымыздың фристайл акробатикадан командалық жарысқа қатыса алмауына Қазақстан тарапынан кінә жоқ.
«Қосымша ПТР тестін тапсырып, коронавирус анықталмаған соң ғана Бейжіңге келе алды. Бұнда келген соң тағы тексерістен өтті. Сөйтіп фристайл акробатикадан жеке түрде бағын сынады. Бірақ командалық жарысқа қатыса алмадық», - дейді ол.
Бұған дейін елімізде бірнеше қысқы спорт түрі бойынша арнайы бағдарлама әзірлеу керектігі айтылды.