Бейжің-2022: Морозова Олимпиада ойындарын 11-орынмен аяқтады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжің Олимпиадасы ойындарында конькимен жүгіруден 1000 метрлік қашықтықтағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бейжің-2022: Морозова Олимпиада ойындарын 11-орынмен аяқтады

Аталған сында Қазақстан намысын Надежда Морозова мен Екатерина Айдова қорғады.

Жарыс қорытындысы бойынша Надежда Морозова 1000 метрді 1:15,69- секундта бағындырып, Олимпиада ойындарын 11-орынмен аяқтады.

Ал Екатерина Айдова аталған қашықтықты 1:16,70 уақыт көрсеткішімен жүгіріп өтіп, жалпы есепте 19-орыннан көрінді.

Бұл сында бас жүлдені 1:13.19 уақыт көрсеткішімен жапониялық Михо Такаги жеңіп алды. Ол сондай-ақ Олимпиада рекордын жаңартты.

Екінші орынды Нидерланды құрамасының өкілі Джутта Леердам (1:13,83) қанжығасына байлады. Ал 1000 метрді 1:14.61 уақыт көрсеткішімен жүгіріп өткен америкалық Бриттани Боуи қола жүлдені еншіледі.

Айта кетейік, аталған Ақ Олимпиадада ойындарында еліміздің намысын 8 спорт түрінен 34 спортшы қорғап жатыр.

Олар - қысқы спорт ойындарының ішінде спорттың шаңғы жарысы, фристайл-могул, шаңғы акробатикасы, тау шаңғысы, шаңғымен секіру, биатлон және шорт-трек түрлерінен сынға түсуде.

Бейжің Олимпиадасы 20 ақпанда мәресіне жетеді.