Бейжің-2022: Олимпиаданың төртінші күнінде де елімізге медаль бұйырмады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бейжің Олимпиадасының ресми басталғанына бүгін тура төртінші күн. Алайда, Қазақстан қоржынына әлі бірде-бір медаль түскен жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бейжің-2022: Олимпиаданың төртінші күнінде де елімізге медаль бұйырмады

Бүгін, яғни 8 ақпан күні қазақстандық атлеттер спорттың үш түрі бойынша жарыс жолына шықты. Елдегі тақымын қысып отырған жанкүйерлер көгілдір экраннан көз алмай, олимпиадашыларымыздан жүлде дәметкелі аптаға жақындап қалды.

Бүгін біздің спортшылар шаңғы жарысы, биатлон және конькимен жүгіруден сынға түсті. Осы үш спорт түрінен тоғыз спортшымыз ел намысын қорғады. Тоғыз спортшыдан бірде-бір жүлде бұйырмады.

Айталық, бүгін ең әуелі шаңғыдан әйелдер арасындағы спринттен іріктеу жарысы өтті. Онда Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга, Ирина Быкова және Надежда Степашкина сынға түсті.

Аталған спортшылар арасынан ең үздік нәтижені Надежда Степашкина көрсетті. Ол мәре сызығын 51-ші болып кесіп өтті. Ал өзге шаңғышыларымыздан Ангелина Шурыга 60-орын, Ксения Шалыгина 67-орын, Ирина Быкова 68-орынмен іріктеу сынын аяқтады.

Бұл бәсекеде ширек финалға шығу үшін алдыңғы 30 шаңғышының қатарына өту керек болатын. Біздің аруларымыз ол межеге жете алмады.

Одан кейін тура осы сыннан ерлер арасындағы жарыс басталды. Онда ел намысын ерлерден Евгений Величко мен Виталий Пухкало қорғады. Өкінішке қарай екеуі де ширек финалға шығатын үздік 30 шаңғышының қатарына іліге алған жоқ.

Атап айтсақ, жарыс қорытындысы бойынша Величко 62-орынға, ал Пухкало 66-орынға орналасты. Осылайша қазақстандық спортшылар спринтте іріктеуден өте алмады.

Шаңғышы қыз-жігіттерімізден жүлде бұйырмаған соң, биатлоншы азаматтарымыздың жолына үмітпен қарадық. Бұл спорт түрінен Қазақстан намысын Александр Мухин мен Владислав Киреев қорғады.

Аса тартысты өткен додада екі биатлоншымыз да үздіктер қатарынан көріне алған жоқ. Киреев (+3:41.8) 25-орынға ие болса, Мухин (+6:13.0) 52-ші орынға тұрақтады.

Бұдан әрі назарымыз 1500 метрге конькимен жүгіруден ерлер арасындағы сайысқа ауды. Бұл сында ел намысын Дмитрий Морозов қорғады. Алайда ол жеңімпаздан 3.80 секундқа ұтылып, Бейжің Олимпиадасын 18-ші орынмен аяқтады.

Міне, бүгінгі яғни 8 ақпандағы Бейжің Олимпиадасы қазақстандық спортшылар үшін осылай аяқталды.