Бейжің 2022 жылғы қысқы Олимпиадаға дайындықты бастап кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай билігі 2022 жылғы XXIV қысқы Олимпиада ойындарына дайындықты бастады, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
None
None

Қытайдағы «халық» торабы таратқан мәліметке сүйенсек, «Бейжің қалалық ірі құрылыс нысандар кеңсесі» қысқы Олимпиада ойындары өтетін стадиондарды қайта күрделі жөндеуден өткізуді бастағаны айтылған. Оған жалпы 18 нысан кірген. Олардың қатарында конькимен сырғанау, тау шаңғы орталығы, шанамен сырғану орталығы, тұғырдан секіру және барлық спортшылар алдын-ала дайындық жасайтын алаңдар бар.

Сонымен қатар, қысқы Олимпиада қалашығы мен Янчиң қысқы Олимпиада ауылы атты екі жаңа алаң салынбақ.

«Бүгінгі таңда аталған құрылыс нысандарын жөндеу, қалпына келтіру және салу жұмыстары басталып кеткен», -деп көрсетілген ақпарат көзінде.

Естеріңізге сала кетейік, Бейжің 2022 жылғы XXIV қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқығын 2015 жылы 31 шілде күні жеңіп алған болатын.

Осы орайда айта кетейік, бұл айтулы доданы өткізуге сол кезде еліміздің Алматы қаласы да басты үміткер қалалардың бірі атанды. Өкінішке қарай, 2015 жылы 31 шілдеде Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өткен дауыс беру нәтижесінде Алматы Бейжіңге жол берген болатын.

Соңғы жаңалықтар