Бейжің билігі қала халқының санын шектеуді жоспарлауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай астанасының билігі 2020 жылы халық санын 23 миллионнан асырмауды қолға алды.
Өткен жылдың басында Бейжің мэрі Ван Аньшунь қала билігі мегаполис халқының өсімін шектеу қажеттігін мәлімдеген еді, алайда нақты санын атамаған.
Синьхуа агенттігі хабарлағандай, Ван Аньшуньның айтуынша, биліктің негізгі мақсаты қала орталығынан адамдарды шет аудандарға көшіру болмақ. Агенттік дереккөздеріне қарағанда, билік Бейжің халқын қаланың барынша ресурстық мүмкіндіктерін, атап айтқанда сумен жабдықтауды ескеріп барып шектеуді жоспарлауда.
2015 жылы Бейжіңнің тұрақты тұрғындарының саны 21,7 миллион болған. 2016 жылы қала халқын 22 миллион деңгейінде шектеу жоспарлануда.
Бұдан басқа, 2016 жылы Бейжің билігі негізінен өндіріс саласынан 300-дей компанияны қала сыртына шығаруға ниетті. Сондай-ақ 2017 жылы көптеген әкімшілік органдарды Тунчжоу қаласына ауыстыруды жоспарлауда.