Бейжің ғарыш және атом энергетикасы саласында Қазақстанмен ынтымақтасуға мүдделі
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚХР-дағы ҚР елшісі Шахрат Нұрышев өнеркәсіп және ақпараттандыру министрінің орынбасары, Қытай ұлттық ғарыш әкімшілігінің басшысы, ҚХР Қорғаныс ғылымы, техника және өнеркәсіп комитетінің төрағасы, ҚХР Атом энергетикасы жөніндегі ұлттық әкімшілік басшысы - Сю Дачжэмен (Xiu Dazhe) кездесті.
Тараптар ғарышкерлік және атом энергетикасы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың мәселелерін талқылады. Осы жылы маусымдағы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы, сондай-ақ осы жылғы шілдеде Бейжіңдегі кездесуде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен ҚХР Мемлекеттік кеңес вице-премьері Чжан Гаоли арасындағы қол жеткізілген жоғары технологиялар саласындағы өзара іс-қимыл туралы уағдаластықты іске асыруға баса назар аударылды.
Ш.Нурышев пен Сю Дачжэ ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-қытайлық жұмыс тобы қызметіне оң баға берді. ҚХР аумағында осы жылы оның 2-ші отырысын өткізу мүмкіндігін талқылады.
Олар Бейжің авиациялық-ғарыш университеті, басқа да ҚХР мамандандырылған оқу орындарында қазақстандық кадрларды дайындау, сондай-ақ қазақстандық мамандардың қытайлық ғарыш кәсіпорындарында өндірістік тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастыққа мүдделілік танытты.
Сю Дачжэ экологиялық таза «жасыл» энергетика саласындағы технологиялық әзірлемелерді көрсету мақсатында ЭКСПО-2017-ге қытайлық ғарыш корпорациясының қатысу мүмкіндігі жайлы сөз қозғады.