Бейжің Олимпиадасында нағыз бабымда боламын - фристайлшы Аяна Жолдас

ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - 15 ақпан күні Пхенчханда өтіп жатқан Олимпиада ойындарында фристайл-акробатикадан ел намысын қорғаған аруларымыздың бірі Аяна Жолдас ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, өз ойымен бөлісті.

Бейжің Олимпиадасында нағыз бабымда боламын - фристайлшы Аяна Жолдас

- Аяна, өз өнеріңізге көңіліңіз толды ма?

- Көңілім толмады. Негізі бұдан да жақсы көрсеткішке қол жеткіземін деп ойладым. Өкінішке қарай, екінші мүмкіндігімді бар болғаны 12-ші орынмен аяқтадым.

- Жарыс барысында төмен нәтиже көрсетуге белгілі бір себептер кедергі болды ма?

- Жоқ, ештеңе кедергі болған жоқ. Ауа райы да керемет болды. Трамплин алаңы да көңілімнен шықты. Бірақ, өзім жарыс кезінде қатты қобалжып кеттім. Өз-өзімді дұрыс ұстай алмай қалдым. Олимпиада ойындарына бірінші рет қатысып отырғандықтан болар, бойымды үрей мен қорқыныш билеп кетті.

- Неліктен спорттың нақты осы түрін таңдадыңыз?

- Өзге елге қалай екенін білмеймін, өзіме қатты ұнайды. Сол үшін осы спортты таңдадым. Менен "қары аз, күні жылы Оңтүстік облысынан қар бетінде қалықтап ұшатын спортты қалай таңдадың?" деп әзілдеп сұрақ қоятындар көп. Менің ойымша, кім, нені үйренгісі келсе, оған өскен ортасы кедергі бола алмайды.

-  2022 жылы Бейжіңде өтетін кезекті қысқы Олимпиада ойындарында сені жеңіс тұғырынан көруге үміттенеміз.

-  Алла қаласа, келесі Олимпиада мына біз сияқты жастардікі болатын шығар. Қазір 16 жастамын. Енді төрт жылда нағыз бабымда боламын деп ойлаймын. Оған дейін әртүрлі жарыстардан әлем кубоктары мен әлем біріншіліктерінен тәжірибе жинап, толысамын деген үміттемін.

- 16 жаста болсаңыз мектепті де аяқтамаған боларсың?

- Иә, бұйырса биыл 11-ші сыныпты бітіремін.

- Спорт пен сабақты қатар алып жүру қиын емес па?

- Әрине, қиын. Бірақ, бос уақыттарымда сабақты толықтыруға ұстаздарым көмектеседі. Өзім де жақсы оқимын. Биыл барлық сыныптастарыммен бірге ұлттық бірыңғай тестті тапсырамын.

- Қандай жоғары оқу орнына түскің келеді?

- Міндетті түрде спорт мамандығын таңдайтын боламын.

- Әңгімеңе рахмет!