Бейжіңде болған нөсер жаңбырдың салдарынан 37 адам көз жұмды
АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Анықталған мәліметтер бойынша, Бейжіңде нөсер жаңбырдың салдарынан көз жұмғандардың саны 37 адамға жетті,
деп хабарлады Agence France-Presse қытайлық БАҚ-ға сілтеме жасай отырып. Бұған дейін Қытайда болған рекордты нөсер жаңбырдың салдарынан 10 адамның құрбан болғандығы жайлы хабарланған болатын. Алайда зардап шеккен аудандарды тексеру кезінде қалалық билік өкілдері 30 мәйітті анықтады.
Толассыз құйған жаңбыр соңғы 60 жыл ішіндегі қайталанбаған құбылыс. Ол 21 шілде күні басталды. Хабарланғандай, қалада орташа алғанда 212 миллиметр жауын-шашын жауды, ал шет аймақтағы Фаншань ауданында бұл көрсеткіш екі еселеніп, 460 миллиметрді құрады.
Бейжіңдегі жолдардың басым бөлігі белден келетін судың астында қалды. Қытай астанасынан ұшатын 500-ге жуық рейс кейінге шегерілді. Келтірілген материалдық шығын есептелу үстінде.
Сонымен қатар нөсерлі салдарынан Қытайдың солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс аудандары да зардап шекті, ол жерде жұма күні кем дегенде 10 адам қаза тапты.