Бейжіңде Елбасының бастамалары талқыланды
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде «Қазақстан мен Қытай өзара ынтымақтастықтың жаңа дәуірінде» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиын барысында Қазақстанда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық процестер мен Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының болашағы сөз болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.
Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев өзінің сөзінде, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаңтардағы Жолдауы мен Елбасының биылғы жылғы наурызда жария еткен 5 әлеуметтік бастамасының негізгі бағыттарына тоқталды.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, Президенттің Жолдауы да, бес әлеуметтік бастамасы да цифрландыру, жаңа технологиялар мен инновациялар тақырыбын қаузады. Тың технологиялар мен оларды өндіріске енгізуге келгенде Қытай кейінгі жылдары көптеген жетістіктерге жетті. Қытайлық ірі компаниялар капитализация бойынша батыс компанияларын басып озып, әлемде алдыңғы қатарға шықты. Сондықтан, жаңа бастамаларды жүзеге асыру жағдайында Қазақстан жақын көршісі әрі серіктесі - ҚХР-мен өзара тиімді әрі достық қарым-қатынасты бекемдеуге мүдделі», - деді ол.

Дипломат екі мемлекет арасындағы саяси диалогтың, экономикалық күн тәртібінің жоғары деңгейін, «Нұрлы Жол» бағдарламасының «Бір белдеу, бір жол» бастамасының ұштасып жатқанын атап өтті.
«Саясат саласында біздің мемлекетттер бастап отырған бастамаларды қолдаудың маңызы аса зор. Сыртқы саясаттағы ұстанымдарымыздың бір парасының сәйкестігі мен жақындығы осыған мүмкіндік туғызып отыр. Ішкі саясаттағы қағидаттарға адал болып қала отырып, біз әлемдік экономикада сыни меженің жақындағанын атап отырмыз. Қазіргі таңда әлем үлкен өзгерістерге ұшырап жатыр. Саяси тұрақсыздық пен экономикалық турбуленттiлiк, трансұлттық терроризм мен қылмыстардың тіпті елдер мен кейде бүкіл аймақтарда ушығып бара жатқаны қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін алдыңғы қатарға шығарып отыр», - деді елші.
Ол сөз сөзінде халықаралық қақтығыстарды реттеу (Астана процесі), жаңа қауіптермен күресте аймақтық және жаһандық ынтымақтастықты (ҰҚШҰ-дағы төрағалық) кеңейту, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту (Жаһандық стратегиялық бастамалардың Жоспары - 2045, «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» Үндеухаты), БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелік, осы жылдың қаңтар айында аталған құрылымға төрағалық ету, Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңесті ары қарай институционализалау, G-Global алаңын құру, ШЫҰ-дағы белсенді ұстаным бойынша Қазақстанның халықаралық бастамаларын еске салды.

Дөңгелек үстел барысында қытайлық сарапшылар ҚР Президентінің Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасын жоғары бағалап, Қазақстан мен Қытай алдарына ұқсас мақсаттарды қойып отырғанын атап өтті. Екі елдің арасында ары қарай жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты нығайту бойынша тың идеялар айтылды.
Шараға 40-қа жуық өкі қатысты. Атап айтқанда, «G-Global Халықаралық хатшылығының» жетекшісі Серік Нөгербеков, ҚКП ОК, ҚХР СІМ Халықаралық бөлімдерінің, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің жанындағы зерттеу және дамыту Орталығының Еуропа мен Азия даму институтының, Қытай заманауи халықаралық қатынастар академиясының, Қытай халықаралық мәселелер институтының, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия институтының, Қытай халық шекара сыртындағы достық қоғамдастығының, ҚКП Орталық партия мектебінің жанындағы реформалар форумының өкілдері қатысты.
