Бейжіңде «Ер Төстік пен Айдаһар» мультфильмі көрсетілді
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат -Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігінде «Ер Төстік пен Айдаһар» мультипликациялық фильмі көрсетілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы меншікті тілшісі.
Аталған шара Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай қазақстандық дипломаттар мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің балаларына арнап ұйымдастырылды.
Мультфильм басталардың алдында Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Балалар Қазақстан жайлы өлең оқып, Отан туралы мақал-мәтелдер айтты.
«Маған мультфильм ұнады, графикасы сапалы, сюжеті тартымды екен. Батыр бабаларымыз қазақтың жерін қорғады, ал Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды тәуелсіз, өркениетті елге айналдырды. Біз болашақта Отанымызды одан ары дамытуға барымызды саламыз», - дейді 14 жасар Бекере Еркінұлы.
Еске сала кетсек, толық метражды анимациялық «Ер Төстік пен Айдаһар» фильмін режиссерлар Жәкен Дәденов пен Рүстем Тұралиевтер 3D форматында шығарған болатын. Мультфильм 2013 жылғы 21 наурызда көрерменге жол тартқан.
Жыл сайын Бейжіңде Тұңғыш Президент күніне орай патриоттық мультфильмдер көрсету игі дәстүрге айналған. Былтыр мұнда толық метражды «Қазақ Елі» тарихи мультфильмі қойылған болатын.