Бейжіңде Қазақстан-қытай жобаларының қаржыландырылуы талқыланды
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев Жібек жолы қорының басқарма төрағасы Цзинь Цимен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы тілшісі.
Тараптар осы мақсатқа арнайы құрылған Қазақстан-қытай қоры аясында индустрияландыру және инвестициялау саласындағы екіжақты жобаларды қаржыландыру мәселелерін талқылады. 14-15 мамыр күндері Бейжіңде өткен жоғары деңгейлі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумының нәтижесі жайлы пікір алмасты.
Цзин Ци ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің форум барысында айтып өткен қор капиталын 100 млрд. юанға (шамамен 15 млрд.доллар) арттыру жайлы шешімі бірлесіп жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың санын арттыруға мүмкіндік туғызатындығын атап өтті.
Өз кезегінде Ш.Нұрышев Жібек жолы қоры Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен қатар «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы жобаларды қаржыландыратын негізгі механизмдердің бірі екендігін және оның екі ел арасындағы келісімдерді жүзеге асырудағы маңыздылығын айтып өтті.
Жібек жолы қоры даму және инвестицияның орта және ұзақмерзімді қоры екендігін естеріңізге саламыз. Қордың мақсаты - Азия және дүниежүзі инвесторларын «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және «ХХІ ғасырдың теңіз Жібек жолы» бағдарламаларын құруға тарту.