Бейжіңде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған ресми шара өтті
БЕЙЖІҢ. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/- Бейжіңде Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесінің 19 жылдығына арналған ресми қабылдау өтті,
деп хабарлады Елшіліктің баспасөз қызметінен.
Шараға шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшылары мен қызметкерлері, Қытай министрліктері мен ведомстволарының, аналитикалық және академиялық құрылымдардың, іскер топтардың өкілдері, журналистер, Қытайдағы қазақ диаспорасының өкілдері және Бейжіңде оқып жатқан қазақстандық студенттер, барлығы 450-ден астам адам қатысты.
Алғысөз сөйлеген Елші Икрам Адырбеков, әлемдік қоғамдастықтың салыстырмалы түрде жас мүшесі болып табылатын Қазақстанның жаһандық үдерістерге белсенді атсалысуға деген өз талпынысын паш етіп үлгергенін атап көрсетті. Ағымдағы жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығының аясында Астанада ЕҚЫҰ Саммитін ұйымдастырып, кеңістіктегі өзекті проблемаларды талқылау үшін үлкен жарыссөз алаңын ұсынған Қазақстан өз миссиясын сәтті орындап шықты, деді дипломат өз сөзінде.
Сондай-ақ, Қазақстанның Қытаймен өзара сенімге, түсіністікке және қолдауға негізделген тату көршілік, өзара тиімді және бірізді қарм-қатынас орнатуға үлкен мән беретіндігі айтылды.
Елші сондай-ақ 2011 жылы Қазақстанның Қытайдан азиялық спорттық эстафетаны қабылдайтынын, елімізде VII қысқы Азия ойындары өтетінін айта келіп, жиналған қауымды осынау айтулы оқиғаға шақырды.
Ресми шараның аясында алдағы Азиада ойындары туралы фотокөрме ұйымдастырылып, бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ Президент Н.Назарбаевтың ағымдағы жылы жасаған негізгі баяндамаларының қытай тіліндегі жинағы таныстырылды.