Бейжіңде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттығына дауыс беру үшін сайлау уческесі ашылды
БЕЙЖІҢ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Бүгін жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7-де ҚХР-дағы ҚР Елшілігінде №135 сайлау учаскесі ашылды.
Дауыс беру таңғы сағат 7-ден кешкі 20.00-ге дейін жалғасады. Қытай астанасында тұратын Қазақстан азаматтары ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатыса алады.
Сайлау учаскесі ашылғаннан кейін бірінші болып ҚХР-дағы ҚР уақытша сенімді өкілі Қазбек Сәрсембаев, Елшілік дипломаттары, сонымен қатар Бейжіңде уақытша тұрып жатқан Қазақстан ұлттық компанияларының өкілдері дауыс берді. Таңнан бастап дауыс беру үшін сайлау учаскесіне қазақстандықтар келіп жатыр.
Дауыс беру нәтижесінің қорытындысы сағат түнгі 12-де дайын болады. Сайлаушылардың дауысын санау сағат 22. 00 -ден басталады.
Сайлау учаскесінің төрағасы, ҚХР-дағы ҚР-ның Уақытша сенімді өкілі, Қазақстан Елшілігінің консулы Қазбек Сәрсенбаев дауыс берудің қорытынды құжаттары арнайы поштамен Бейжіңнен Астанаға жөнелтілетінін атап өтті.
ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің баспасөз хатшысы Арсен Әбілдиннің сөзіне қарағанда, осы жылы сайлаушылардың белсенділігі 2011 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қарағанда төмен болады. Естеріңізге сала кетейік, ол кезде 1961 қазақстандық азамат дауыс беруге қатысқан еді.