Бейжіңде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған онлайн конференция өтті
Конференцияны ашқан ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев: «Биылғы жыл Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осы жылдар ішінде жас мемлекеттің қалыптасуынан сенімді дамып келе жатқан заманауи экономикасы, тұрақты ішкі және сыртқы саясаты бар халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесіне дейінгі жолды Қазақстан абыроймен жүріп өтті», - деді.
Қазақстандық дипломат 2022 жылдың қаңтарында Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 30 жылдық межеден өтетінін еске салып, елдер арасында БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында тығыз өзара іс-қимыл жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнайы өкілі Ли Хуэй өз сөзінде қазіргі Қазақстанның экономикасы қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ елдің халықаралық беделі ілгерілеп келе жатқанын айтты. «Қазақстан бүгінде Еуразия құрлығында және әлемдік аренада маңызды рөл атқаратын ең белсенді мемлекетке айналды», - деп атап өтті Қытай дипломаты.
Сондай-ақ, іс-шара барысында қатысушылар Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық практикалық онлайн конференцияны ҚР-ның ҚХР-дағы Елшілігі Қытай қоғамдық ғылымдар академиясымен бірлесіп ұйымдастырды.
Халықаралық онлайн конференцияға ҚР мен ҚХР жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылығы мен сарапшылары қатысты.